Ешкітауда көк тудың желбірегені, ұлттық рухтың бойымызға сіңгені
Маңғыстаудағы Отпан таудың басындағы атқарылып жатқан істі көргенде ерекше әсерде болып қызыққанмын. Сол кезде Қазақстанның басқа елдермен шектесетін тұстарындағы әр биік тауға осы іспеттес белгілерді қойса рухымызды көтеруге керемет болар еді деп

ойлағанмын.
Жақында әріптесім Қазбек Құттымұратұлы әлеуметтік желіде «Қазақ хандығының - 550 жылдығына әр өңірде ең биік тауға шығып, ту көтеріп суретке түсіп арнайы ашылған парақшаға салсақ, осылайша жыл соңына дейін 550 тауға көк туымызды желбіретсек» деген бастаманы көргендігін айтқан. Осы бастаманы қолдап «Жайық Пресс» ұжымы Батыс Қазақстан облысындағы теңіз деңгейінен 254 метр жоғары орналасқан Ешкітауға баруды жоспарладық. Таудың табиғи, тарихи маңыздылығы ескеріліп арнайы қорық құрылып, мемлекеттік қорғауға алынған екен.
Тасқала ауданының орталығынан 12 км қашықтықта орналасқан тауға автобуспен 6 мамыр күні түсқайта тартып кеттік. Жол бойы өлең айтып, түрлі тарихи сұрақтар қойып, оған жауап қайтарып, қызықты тәрбиелік әңгімелерімізді айтып үш сағатта Ешкітауға да жеттік. Қорықшы жігіт қауіпсіздік ережелерін айтып, қорықтың тәртібін түсіндірді.

Одан соң таудың етек жағына тігілген шатырда жеңіл тамақтанып алып, қолдарымызға
туларымызды алып жоғарға көтерілдік. Алыстан тұмандай боп жаңбыр келе жатқанын байқап жаңбыр жеткенше жоғарыға көтеріліп алуды ойлап шапшаңдата жүрдік.
Жалауымызды желбіретіп таудың төбесіне жеткенде жаңбырда жетті. Жоғарыдан айнала ап-анық көрінеді екен. Кең байтақ жеріміздің сұлулығына сүйсініп, таза ауасымен кеудемізді кере дем алдық. Кеудемізді таза ауамен қатар осындай кең байтақ, табиғаты тамаша жерді ата-бабымыздың ақылдың, әрі білектің күшімен қорғап бізге аманаттап кеткеніне мақтаныш сезім кере түсті. Тәнімізбен қатар жанымыз рахаттанып, бойымызды туған жерге деген ерекше сүйіспеншілік биледі. Бәріміз бірге туған жерге қатысты өлеңдерді шырқап, суретке түстік. Табиғатта өзінің құдыретін көрсетті. Желдетіп келген жауын өте шықты да, қара бұлт қаптап айналамыз тұмандай дұрыс байқалмай қалды, кішкенеден соң бұлт та өте шығып айнала анық көрінді. Қуанышымыздың шырқау шегі тау төбесіндегі үшбұрышты 4 метрдей болатын мосы темірдің төбесіне ту тігу болды. Жігіттер бір-бірін демеп, бірін мойындарына мінгізіп көк туды ең биікке тікті. Қорықшы жігіт «енді тіккен туларыңызды қалай аласыңдар» дейді. Біз туды алу үшін емес, қалдыру үшін тіккенімізді айтқанда «осыған дейін қанша адам келсе де тумен ешкім шықпап еді, ал туды биікке тігіп қалдыру деген сіздерден басқа ешкімнің ойына келмес» деп ағынан жарылды.
6 мамыр сағат алтының шамасында мақсатымызды орындап төмен қарай түстік. Таудан бастау алатын бұлақта бар екен, бұлақтың көзінен мейірлене қана су іштік. Шатырда «Жайық Престің» қыз-келіншектері арнайы дайындап әкелген тамақтарын жайып, Отан қорғау күніне орай ер азамттарға әзіл өлеңдері жазылған дипломдар мен сыйлықтарын табыстады.
