Құлпытас дерегі – ТАРИХТЫҢ ТҮПНҰСҚАСЫ

Сәрсенбі күні «Жайық Пресс» медиахолдингінің  баспасөз  орталығында  Батыс Қазақстан облысы аумағындағы көне ескерткіштер – XVIII-XX ғасырдағы араб жазулы құлпытастарды қорғау, кешенді зерттеу мәселесі бойынша мүдделі топтардың тұңғыш рет басқосуы өтті.

Оған облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайы-нов, облыстық тарих және археология орталығының директоры Мұрат Сыдықов, өңірімізге белгілі тарихшы Жәнібек Исмурзин, сондай-ақ көне қорымдар мен құлпытастарды зерттеу бойынша облысымыздың барлық аудандарында құрылған жұмыс тобының өкілдері қатысты.

– Құлпытастарды қорғау, зеттеу мәселелері “Нұр Отан” партиясы БҚОФ жанындағы “Мирас” қоғамдық кеңесінде талқыланып, мүдделі мемлекеттік мекемелер мен жанашыр азаматтар бұл бағытта бірлесе жұмыстануға келіскен болатын. Ата-бабаларымыздың тарихы – еліміздің тарихы. Құлпытастар – сол тарихтың ажырамас бөлшегі. Құлпытастағы көне жазбалар арқылы тарихымыздағы көптеген ақтаңдақтар ашыларына сенеміз. Оған куә болып та отырмыз. Бүгінде Қазбек Құттымұратұлының бастауымен көне ескерткіштерді зерттеу бағытында көптеген істер тындырылды. Құлпытаста жазылған мәліметтер тарихшылардың қолына тиіп, деректер «сөйлеген» кезде бұған дейін тарихымызға қатысты қате қалыптасқан ұғымдар дұрыс арнасына қарай бұрылды. Сондықтан аталған бағыттағы жоспарлы әрекеттеріміз Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту қарсаңында өңірімізде атқарылар аса маңызды шаралардың бірі болмақ, - деді жиынды жүргізген «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Жантас Сафуллин.

Басқосуда облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен жарық көрген, Ақжайық, Сырым, Қаратөбе аудандарында орналасқан 50 құлпытас енген «Құлпытас сырын ашайық» атты жинақ көпшілікке таныстырылды. Сондай-ақ құлпытастарды кешенді зерттеудің маңызы туралы арнайы даярланған бейнебаян көрсетілді. Аталмыш бағытта жұмыс жоспары жасалып, зерттеуші топ мүшелеріне нақты нұсқаулық, бағдарлама берілді. Осы орайда тарихшылар мен ғалымдар, топ мүшелері маңызды пікірлерін ортаға салды. Батыс Қазақстан облысы аумағындағы көне ескерткіштер – XVIII-XX ғасырдағы араб жазулы құлпытастарды қорғау, кешенді зерттеу мәселесі бойынша облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы, «Жайық Пресс» ЖШС және «DANAkaz» тарихи-танымдық журналы меморандумға қол қойды.

 Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «DANAkaz» тарихи-танымдық журналының бас редакторы:

- Өткен жылы Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтынан ғалымдар келіп, «Батыс Қазақстан облысындағы әулиелік культі» деген жобамен жұмыс істеді. Біз сол кісілермен бірге жүріп, екі апта ішінде біраз зияраттарды аралаған кезде ғалым Әшірбек Мүмінов облысымыздағы құлпытастардың көптігіне, сан алуандығына қатты таңғалды. Ол біздің атқарып жүрген жұмыстарымызды әрі қарай қолдау, жалғастыру керектігін айтып, қуаттап, күш беріп кетті. Одан кейін біз сол Шығыстану институтының жанынан ашылған мектепте бір аптадай болып, Франциядан келген ғалымдардан көне қолжазбаларды қалай оқу керектігі жөнінде біраз ақыл-кеңестер алдық. «Араб жазулы эпиграфиялық хронологиялардың тіркелімі» деген дүниежүзілік жоба бар. Орталығы Париж қаласында орналасқан. Сонда араб жазуымен түскен тарихи ескерткіштерді әлемдік каталогқа жинайды екен. Егер ескерткіш араб жазуында және онда адамның есімі мен дата болса, ол әлемдік араб жазулы мәдени ескерткіштердің қатарына кіреді екен.

Біздің құлпытастар осы шарттардың үшеуіне де келіп, бүкіл әлемдік құндылықтардың қатарына еніп тұр. Бүгінде Әшірбек Құр-банұлы шетелдік ғалымдармен байланысқа шығып, олардың Қазақстандағы ескерткіштерге назарын аудару бағытындағы жұмыстарды бастады. Аталған каталогтың осы күнге дейін араб еліндегі ескерткіштер зерттелген 18 томы шыққан екен. Бірақ оған Қазақстаннан бірде-бір тарихи ескерткіш, құлпытас енбеген. Яғни бұл жұмыстар тек қана өзіміздің халқымыз үшін ғана бағалы емес, бүкіл адамзат мәдениеті үшін де өте құнды ескерткіштің бірі екеніне біздің көзіміз жетті. Жақында Шығыстану институтының ғалымдары тарапынан Білім және ғылым министрлігінің назарына ұсынылған Батыс Қазақстан облысындағы құлпытастарды ғылыми түрде зерттеу жөніндегі 3 жылдық жоба министрліктен қолдау тауып, бекітілді. 2015-2017 жылдар аралығында Батыс Қазақстан облысының бүкіл аймағындағы көне қорымдар, эпиграфикалық ескерткіштер түгел зерттеліп, қағазға түсіріліп, нәтижесінде ағылшын, қазақ, орыс тілдерінде жинақ шығарылмақ.

 Жәнібек ИСМУРЗИН, тарих ғылымдарының кандидаты:

- Құлпытас деректері ондағы мәліметтің түпнұсқалығымен құнды. Бөкейдің ұлы Жәңгір ханның басына орнатылған кесенеде оның өмір сүрген жылдары «1801-1845» деп жазылған. 18-19 ғасырдағы хан-сұлтандардың тарихын індете зерттеген ғалым, марқұм Жанұзақ Қасымбаев «Жәңгір хан» деген монографиясында Жәңгір ханның өмір сүрген жылдарын жоғарыда аталғандай, 1801-1845 деп көрсетіп, тарихи айналымға да солай еніп жүр. 2001 жылы Бөкей ордасының 200 жылдығына байланысты «История Букеевского ханства» деген 1000 беттен асатын көлемді мұрағаттық құжаттар жинағы жарық көрді. Аталмыш кітапқа жазған алғысөзінде белгілі ғалым Ирина Ерофеева Жәңгірді 1804 жылы дүниеге келді деп көрсетеді. Жаңақала аудандық мешітінде имамдық қызмет атқаратын Мұратбек Жахатов Жәңгір ханның құлпытасын оқып, оның 1845 жылы 42 жасында опат болғанын анықтады. Мұратбек қажы жоғарыдағы зерттеушілер айтқандай, Жәңгір хан 1801 немесе 1804 жыл да емес, 1803 жылы туғанын бұрынғы хижра жыл санауы мен қазіргі жыл санауымызды талдай отырып дәлелдеді. Илья Казанцевтің «Описание киргиз-кайсаков» деген еңбегінде «1845 жылы 11 тамызда кешкі сағат 6 жарымда Торғын өзенінің бойында Жәңгір хан 42 жасында қайтыс болды» деп жазылған. Бұл құлпытастағы жазудың дәлдігін растайды.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ

Газеты и сайты: 
Сайт в режиме обслуживания Қазір сайтта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр