«Қос газеттің тарихы рухани жаңғыруға бастау болуда»

«Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттерінің 100 жылдығына байланысты «Ғасырлық ғұмыр» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Оған ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Руслан Алишев, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Қаменов, «Отырар кітапханасы» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, алаштанушы, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай, республикалық «Айқын» газеті редакторының орынбасары Ермахан Шайхы, ақын Ақұштап Бақтыгереева, «Маңғыстау медиа» ЖШС директоры Сағындық Рзахметов, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің жанындағы З. Қабдолов атындағы ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Қылышбай Сүндетұлы және БАҚ саласының ардагерлері қатысты. Конференцияға облыс әкімі Алтай Көлгінов төрағалық етті. Атаулы шарада қос газеттің тарихынан сыр шертетін, 100 жылдыққа орай атқарған істер тізбектелген шағын фильм көрсетілді.

– Конференция мақсаты – облыстық газеттердің қанат жаюына үлес қосқан арыстардың еңбегін насихаттау, болашақта республикалық деңгейде баспасөз тарихын зерттеуді жүйелі ұйымдастыру. 1911 жылы «Қазақстан» газетінің алғашқы нөмірінде Ғұмар Қараш: «...бізді бір ниет, бір тілекке жия тұғын зат – газет...» десе, биыл Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын «Ұшқын» газетінен бастау алатын еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанға» жариялауында ерекше үндестік бар. Облыстық газеттердің ғасырлық мерейтойы Алашорда үкіметінің 100 жылдығымен тұспа-тұс келуі тегін емес. Киелі Орда жерінде Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қараш, Елеусін Бұйрин, Бақытжан Қаратаев, Ғабдолғазиз Мұсағалиев бастарын қатерге тігіп, елді ұлы мақсат жолына ұйыстыру үшін газет шығаруды қолға алды. «Жайық Пресс» ЖШС баспасөз тарихын зертеу орталығының ғылыми ізденісінің арқасында 1911-1913 жылдары жарық көрген «Қазақстан» газетінің 16 саны табылды. Бұрын облыстық газеттер тарихы 1918 жылы 17 қарашада Ордада басылған «Хабар-Известиядан» бастау алады деп есептелінсе, өңірлік басылымдардың ізашары «Ұран» газеті екені дәлелденді. «Хабар-Известия», «Дұрыстық жолы», «Сахара таңы», «Қызыл ту», «Екпінді құрылыс», «Октябрь туы» атауымен жарық көрген «Орал өңірі» газетінің бүгінде электронды нұсқасы қоса дайындалады.

Атап өтерлігі, облыстық газет кезінде «Екпінді құрылыс» деген атпен латын қарпінде де жарық көрді. Қазіргі уақытта қызу талқыланып жатқан латын әліпбиі ұлтымызға таңсық емес, шын мәнінде, өткеннің оралуы, өшкеннің жануы, яғни, рухани жаңғыру. Соңғы бес жылда баспасөз тарихына қатысты он кітап жарық көрді. «Жайық Пресс» ЖШС «Қазақстан», «Ұран», «Хабар-Известия», «Киргизская правда – Қазақ дұрыстығы», «Дұрыстық жолы», «Ұшқын» газеттерін жеке жинақ қылып шығарды. Биыл «Қызыл ту» газетіндегі мақалалар жеке кітап болып дайындалды. Оған қоса, газеттердің 100 жылдық тігіндісі жинақталып, электронды нұсқалары жасалды. Бұл Елбасы ұсынған «Цифрлы Қазақстан» жобасына сәйкес келеді,  – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Кейін ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Руслан Алишев сөз алып, конференцияға қатысушыларды қос газеттің ғасырлық мерейтойымен құттықтап, Елбасы тапсырмасымен өңірлік бұқаралық ақпараттарды құралдарды дамыту мақсатында қолға алынатын жаңа жобалар жөнінде баяндады. Конференцияда «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин «Баспасөз тарихы» (http://www.1911.kz/) сайтын таныстырды. Сайт 5 бөлімнен тұрады. «Тұлғалар» бөлімінде «Қазақстан» газетінің шығарылуына қаржылай жәрдемдескен Зейнел-Ғабиден Тағиевтен бастап Шәңгерей Бөкеев, Елеусін Бұйрин және «Орал өңірі» газетінде қызмет еткен азаматтар туралы деректер берілген.

Сайтта «Қазақстан», «Ұран», «Хабар-Известия», «Дұрыстық жолы», «Ұшқын» газеттерінде әр жылдары шыққан мақалалар топтастырылған.

«Мұражай» бөлімінде жазу машинкалары, журналистердің жеке заттары, төсбелгілер, фотоаппараттар, қаламдар, басқа да жәдігерлердің фотосуреттері берілген.

Сурет галереясы бөлімінде «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінде әр жылдары қызмет еткен аға буынның сирек кадрларын көре аласыз.  Әсіресе, екі суретті атап өтуге болады. Оның бірі – 1927 жылы 21-25 қаңтар аралығында Орал қаласында «Қызыл ту» мен «Красный Урал» басқармаларының жанында болған жұмыскер, ауыл және поселке тілшілерінің губернелік тұңғыш тобы» атты мәжілісі кезінде түсірілген екен. Мәжіліске «Красный Урал» газетінің 55, «Қызыл ту» газетінің 20 тілшісі келгендігі айтылады.

Осы арада тілшілерге тапсырмалар берілген. Айта кету керек, тілшілердің қауіпсіздігі үшін олардың есімдері жазылмаған, лақап аттарымен көрсетілген. Екінші сурет те 1927 жылы түсірілген. Бұдан Тамимдар Сафиев сияқты көп естеліктер қалдырған тұлғаларды көре аламыз. «Бейнеқор» бөлімінде «Алаштың «Ұраны» және «Қазақстан» фильмдері орналастырылған.

– 100 жылдық мерейтой қарсаңында «1911.kz» сайты іске қосылып, газеттердің тарихы туралы ғаламтор пайдаланушыларға қажет ақпараттар топтастырылды. Енді газеттерге қатысты ақпарат алам деушілер әлемнің әр жерінен өзіне қажет дүниені сайт мәзірінен жүктеп немесе таныса алады, – деді «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин. Медиахолдинг басшысы серіктестік қарауында 2 облыстық, 12 аудандық газет бар екенін, рухани жаңғыру аясында заман талабына сай басылымдарды дамыту ылғи қаперде болатынын атап өтті.

Конференцияда «Отырар кітапханасы» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, алаштанушы, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай қос газет тарихы рухани жаңғыру бастау болуда екенін айтты.

– Алашорданың 100 жылдығы қарсаңында  «Жайық Пресс» ЖШС ұжымы елеулі еңбек етті. Бірнеше жыл бұрын «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин «Қазақстан» газетінің жинағы шыққанын айтып, сүйінші сұраған еді. Одан кейін «Ұран» газеті туралы біраз мағлұматпен таныс болдық. Біз ту қылып ұстап жүрген «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеттерінің тарихы мен басылымды жарыққа шығарушылар жөнінде мағлұматтар мұндай толыққанды жинақ болып шыққан жоқ. «Егемен Қазақстан» газетінің өзі «Ұран» баспахасынан бастау алатынын көбі біле бермейді. Медиахолдингте еңбек етіп жатқан баспасөз тарихын зерттеу орталығының жетекшісі Қазбек Құттымұратұлының еңбектерімен де кеңінен таныспын. Қазіргі уақытта айтылып жатқан «рухани жаңғыру» сөзінің мәніне терең үңілсек деймін. Алаш идеясының басты тақырыбы – жер мәселесі болды. Өңірлік басылымдар тарихы жазылған жинақтарда ел мүддесіне қатысты жайттар, ең бастысы, «рухани жете» ұғымы кеңінен көрініс тапқан. Жалпы жаңғыру дегеніміз не? Біз құр ұрандап қана қойсақ, биікке шарқ ұра алмаймыз. Мен жаһандану заманында рухани жаңғыруды «ұлттық майдан, азаматтық күрес» деп қабылдаймын. Осы ұлттық майданды бұрынғы бөкей ордалықтар, қазіргі батысқазақстандықтар ерте бастап кетті. 100 жылдан кейінгі жаңғыру жаңа бастауға ұлассын, – деді жазушы-ғалым.

– Облыстық басылымдар  мен медиахолдинг сайтында жарияланған ғылыми деректерді мұқият оқып отырамын. «Жайық Пресс» ЖШС зертеушілері газеттер тарихын тереңдетіп, «Ұран» газетінен бастау алатынын анықтады. Сонымен қатар 17 редактордың 14-і ату жазасына кесілгені мәлім болды. Республика бойынша өңірлік басылымдардың тарихын осылайша түбегейлі зерттеу басқа облыстарда қолға алынған жоқ, – деді тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Қылышбай Сүндетұлы.

Конференцияда М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев мерзімдік баспасөз жинақтарында жарияланған деректерді жете зерттеу маңызды екенін, газеттердің қысқаша тарихын мектеп және жоғары оқу орны оқулықтарына енгізу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, ардагер журналист Ғарифолла Көшенов облыс әкіміне ғасырлық ғұмыры тойланып отырған басылымдар құрметіне Орал қаласындағы қос көшеге «Орал өңірі» мен «Приуралье» атауларын беру жөнінде ұсыныс жасады. Конференция соңында «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттерінің бас редакторлары Бауыржан Ғұбайдуллин мен Роза Сыйықова басылымдардың бағыт-бағдарымен таныстырып, алдағы жұмыс жоспарларымен бөлісті.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,
«Орал өңірі»

Газеты и сайты: 
Помещать на главную: 
Да
Сайт в режиме обслуживания Қазір сайтта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр